Мұхтар ШЕРІМ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНЫҢ  сипаттамасы

 

  Мұхтар ШЕРІМОВ Жұмашұлы 1957 жылдың  12 желтоқсан күні дүниеге келген. 1975 жылы ҚазМу-дың журналистика факультетіне оқуға түсіп, 1982 жылы бітірген. Университетте "Жас толқын" қабырға газетін ұйымдастырып,  «Жалын» баспасынан жарық көрген жас жазушылардың  «Жібек жел» атты жинағына бірнеше әзіл-сықақтары енді. Университетті бітірген соң, облыстық "Оңтүстік Қазақстан" газетінің (1983-1988) сатиралық "Қақпан" бөлімін басқарды.Фельетондар жариялап, есімі елге таныла бастады. Тоқсаныншы жылдары  "Ара-Шмель" журналының Шымкент облысындағы тілшісі  қызметін  абыроймен атқарды. Республикада алғаш рет "Жұдырық" газетін ұйымдастырды, кейін "Барыс" газетінің  басшылығын қолға алды. (1998-2011 жылдар). Сатиралық кітаптары: "Құдағи құшақтай береді", "Бюрократпен қоштасу", төрт томдығы: " Талтайып тұрғым келеді", "Ымбаппа", "Кешіріңіз, сіз есек емессіз", "Быт-шытыңызды шығарамын!"  Ал, мемлекеттік тапсырыспен "Қашқандар мен қуғандар" сатиралық жинағы 2011 жылы жарық көрді. 1986 жылы  "Күлкі жәрмеңкесі" әзіл-оспақ отауын ұйымдастырды. "Тамаша", өзі мұрындық болған "Шаншар", "Алдараспан", "Екі езу", "Нысана"  әзіл-сықақ театрларының  белсенді аторы.

     Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, «Қазақ әдебиеті» газетінің лауреаты,Шона Смаханұлы атындағы әдеби сыйлықтың бас жүлдегері. Тәуелсіздігіміздің он жылдығы медалімен, Елбасының. ОҚО әкімінің  алғыс хаттарымен марапатталған. "Жас Алаш", "Айқын", "Жас қазақ", "Егемен Қазақстан" "Қазақ әдебиеті" газеттерінде әзіл-сықақтары жиі жарияланады. Бірнеше әзілдері өзбек, қырғыз, орыс тілдеріне аударылған.  2014 жылдың сәуірінен бері республикалық "Ара" газетінің арнаулы тілшісі қызметін атқарып келеді.

 

 

ӨЗІМ ТУРАЛЫ АЙТАЙЫНШЫ...

 

   Менің аты жөнім--Мұхтар ШЕРІМ Жұмашұлы. Еркек болып жаратылыппын. Қазіргі Бәйдібек ауданы (Бұрынғы Алғабас) Ақтас совхозы, Кеңсай ауылында 1957 жылдың қақаған қысында, 12 желтоқсан күні  шыр етіп, дүние есігін ашыппын.Түлкібас ауданындағы Абай орта мектебін 1974 жылы бітірген соң, Бәйдібек ауданындағы "Алғабас" газетінде корректор, сосын әдеби қызметкер болып қызметке тұрыппын. Алғашқы айлығымды әкеме беріппін. Сосын 1975 жылы Алматыға тартып кетіппіз. Әкем екеуміз. ҚазМу-дың журналистика факультетіне оқуға түсіп, шәпкімді лақтырып жібердім де, қайтадан таба алмай қалдым. Алматыда небір қызықты күндер өтті. Шабаданымды аялдамаға тастап кетіп, жылай жаздағанмын. Университетте "Жас толқын" қабырға газетін шығара бастадым.  Универді бітірген соң облыстық "Оңтүстік Қазақстан" газетінде (1983-1988) сатиралық "Қақпан" бөлімін басқардым.Фельетондарды бұрқыраттым-ай!  1993-99 жылдары "Ара-Шмель" журналының Шымкент облысындағы тілшісі  қызметінде жүріп жегіштердің желкелерін түйгіштеп, парақорлардың пиғылдарын әшкереледім!  Республикада алғаш рет "Жұдырық" газетін ұйымдастырып, бас редакторы болдым, кейін журналға айналды. Тыпыршып, тыным таппайды екенмін, "Барыс" газетін" ашып, бас редакторы болғаным да бар. (1998-2011) 14 жыл!  Сатиралық кітаптарым: "Құдағи құшақтай береді"(1995), "Бюрократпен қоштасу", төрт томдық:(2005) " Талтайып тұрғым келеді", "Ымбаппа", "Кешіріңіз, сіз есек емессіз", "Быт-шытыңызды шығарамын!"  Ал, Мемлекеттік тапсырыспен "Қашқандар мен қуғандар" сатиралық жинағым жарық көрді.(2011) Қарап жүрмедім. 1986 жылы  "Күлкі жәрмеңкесі" әзіл-оспақ отауын ұйымдастырдым. Облыстық мәдениет басқармасының қолтығына кіріп алып. Сосын... Сосын "Күлейікші, Мұхтар!" сатиралық театрын басқардым. Сосын ше? Сосын... "Тамашаға", "өзім мұрындық болған "Шаншарға", "Алдараспанға", "Екі езуге", "Нысанаға" автор болдым. Ой, айта берсем, таусылмайды... Қазақстан жазушылар одағының мүшесімін. Кеңес дәуірінен. Нобель сыйлығының, мемлекеттік сыйлықтың лауреатымын... Деп ойлап қалмаңыздар! "Қазақ әдебиеті" газетінің лауреаты екенім рас.Конституцияның он жылдығы мерекесі медалімен марапатталғанмын. "Жас Алаш", "Айқын", "Жас қазақ", "Егемен Қазақстан" "Қазақ әдебиеті" газеттерінде әзіл-сықақтарым жиі жарияланып жатады. "Дала мен қала" газетінің "Қисық қоржынын" басқардым. Бүгінде Аламтыдағы "Алматы ақшамы" газетінің "Бір түрлі бет" әзіл-оспақ бетіне жауапты шығарушымын. Бас бапкерімін. Бірнеше әзілдерім өзбек қырғыз орыс тілдеріне аударылған. Қазақстан жазушылар одағының  Кеңес дәуірінен мүшесімін.Н. Назарбаевтың алғыс хатымен марапатталдым. ("Нұр Отан") 2014 жылы 26 қарашада Республикалық сықақшылар байгесінде бас жүлдені иемденіп, Шона Смаханұлы атындағы сыйлықтың лареаты атандым. Жазушылар одағының облыстық филиалы кеңесінің мүшесімін. 2014 жылдың сәуірінен бастап, республикалық "Ара" газетінің арнаулы тілшісімін.Осы жерде аялдайын, бұдан кейінгі өмірбаянымды Бір Алла біледі...

 

 

МЕНIҢ РЕЗЮМЕМ

ӨЗIМ ТУРАЛЫ:—Қазiргi аты-жөнiм—Мұхтар ШЕРIМ.  Бұрынғы төл құжатымда— Мұхтар Шеримов. Баяғы заманның баласы екенiмдi дәлелдейтiн ескерткiш… Шер-Им Овпын… Немесе Мұх ШЕР дей салыңыздар…

 Мен әке –шешемнен жаралғанмын. Басым бар, шашым бар, қалың қара қасым бар… Ия, бүйрегiмде кiшкентай ғана тасым бар… Қанша секiрсем де түсетiн түрi жоқ,  Айтпақшы елуден асқан жасым бар…

1957 жылы 12 желтоқсанда, қар қалың жауып турғанда “ища-ай!”- деп дүние есiгiн ашыппын да, селкiлдеп күле берiппiн…

ҰЛТЫ:— Қаны қазақ, жаны қазақ, мiнезi қазақ, қысқасы, бақайшағына дейiн қазақпен қаруланған қазақ…

АЗАМАТТЫҒЫ:— Қазақстан және Күлкiстан республикасының азаматы.

ЖАНҰЯЛЫҚ ЖАҒДАЙЫ:— Үйленген, бала-шаға асырауды үйренген…

МЕКЕН-ЖАЙЫ:  Шымкент қаласы. Ұялы телефоным (активi таусылып  қалғаны)—87014282108, батереясы отырып қалғаны—87003139281… Белімайн (билайн) 87053461657

БIЛIМI—Жоғары. Тiл мен жағына сүйенiп, Қазақ мемлекеттiк университетiнiң журналистика факультетiн бiтiрген.

ТIЛI— Қып-қызыл. Ұшы сүйiр. Ана тiлiнiң дәмiн жақсы сезiнедi. Орыс тiлiнде нан сұрап жей алады. Шет тiлдерiн меңгерген, ағылшын тiлiнде тек “Ай лабию!”деп, немiс тiлiнде тек “Гутен тах!”, Ау фейдер зейн!” “Капут” сөздерiне ғана судай ағып тұр.

ЖҰМЫС ТӘЖIРИБЕСI:—Түлкібас ауданындағы Абай орта мектебін бiтiре салып, Бәйдiбек аудандық “Алғабас” газетiнде  корректор болып жұмыс iстеп, алғашқы айлығын бұзақыларға өз еркiмен берiп, қашып кеткен… Келесi айлығын әкесi Жұмашқа берген. Осы жерде бiр жыл айлыққа жұмыс iстеп қана қоймай, сықақ әңгiмелер жаза бастаған… Университеттен кейiн облыстық “Оңтүстiк Қазақстан” газетiне “Шақ-шұқ” әзiл әңгiмесi арқылы қабылданып, сын-сықақ “Қақпан” бөлiмiн басқарады.  “Мен Долбаевпын!” атты фельетон жазып, рахаттана қудаланады да, қызметiмен рахаттанып қоштасады. Бiрақ Қалтай Мұхамеджанов ағасы “Қамқорлық” атты тон кигiзiп, “Ара-Шмель” журналының Оңтүстiк Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда облыстарының меншiктi тiлшiсi қызметiне алады.

Қарап жүрмей, қаламы қағынып, Республикада тұңғыш рет “Жұдырық” атты сын-сықақ газетiн ашып, бас редакторы болды.  Газетiне Үмбетбай Уайдин, Ғаббас Қабышев, Садықбек Адамбеков, Темiрбек Қожакеев ағалары тiлiңмен жаласаң күйiп қала-тындай, ыстық сәлемдерiн жiберген.

Кейiн республикалық “Барыс” газетiн ашып,  небiр “қызықтардың” көкесiн көрген.

ҰЙЫМДАСТЫРУШЫЛЫҚ ҚАБIЛЕТI—Оңтүстiк Қазақстан облысында  жыл сайын Күлкi күнi өтетiн “Күлкi жәрмеңкесi” әзiл- сықақ отауының кiндiк әкесi. “Шаншар”, “ Күлкi керуенi” театрларын ұйымдастыру үшін, жiгiттерге тегiн идея, сценарилер берген.… “Тамаша” театрының қолбала авторы болған.

СЫЙЛЫҚТАРЫ:— Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты, “Алаш” сыйлығының лауреаты, Халықаралық Нобель сыйлығының лауреаты… емес, емес, ақиқаты—Конституциямыздың 10 жылдығы медалiмен наградталған… Болды.  Басқа жоқ.

КIТАПТАРЫ:—Студенттiк жылдары “Жiбек желi” авторлар жинағында бiрнеше әзiлдерi жарық көрiп, қуанғанынан құлап қала жаздаған. Кiтаптары бiртiндеп семiрген. “Бюрократпен қоштасу”-пышақтың қырындай. “Құдағи құшақтай бередi” –семiз әйелдей… Елу жасында “Ымбаппа”, “Быт-шытыңды шығарамын”, “Талтайып тұрғым келедi!”, “Кешiрiңiз, сiз есек емессiз…” атпен төрт томдық сатиралық кiтаптары жарық көрдi… “Екi қатын, бiр еркек” атты 10 сериялы кинокомедия жазып бiтiрдi. “Күйеубала қашып кеттi “атты сатиралық романын әлi жазып жатыр…

ЖАҚСЫ КӨРЕТIН ТАМАҒЫ—Қамыры жабысып қалмаған ет…Қуырдақ…

ЖЕК КӨРЕТIН ТАМАҒЫ—Қытайлар жейтiн құрбақа, жылан…

Осымен резюменi резеңкедей соза бергенше, мына әзіл-сықақ блогымыздың алғашқы парағын ашық деп жариялаймыз! Күлкiстан республикасына хош келдiңiздер!

 

 

БҰЛ МЕН ҒОЙ...

МұхШЕР...

менің эл.поштам:Kazah_mukhtar@mail.ru